Облыс орталығындағы Сол жағалаудың кәріз жүйесін жаңғыртып, тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдейтін зауыт салу жоспарлануда. Аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов бұл жұмыстар қытайлық компания өкілдерімен арадағы ынтымақтастық туралы меморандум аясында іске асатынын айтты. Келісім өңірдегі экологиялық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған.
Құжатқа облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов пен қытайлық CITIC компаниясының өкілі У Сяодун ресми түрде қол қойды. Бұл келісім тараптардың экологиялық жобалар бойынша ұзақ мерзімді және өзара тиімді ынтымақтастыққа мүдделі екенін білдірді.
CITIC Group - экология, су тазарту, қалдықтарды кәдеге жарату және тұрақты даму саласындағы инвестиция мен жоба басқаруына маманданған компания. Тараптардың өзара келісімі бойынша алдағы бастамаларға заманауи әрі экологиялық тұрғыдан тиімді технологиялар енгізілмек.
Аймақ басшысы бұл серіктестікті заманауи технологиялар мен инвестицияға негізделген халықаралық ынтымақтастықтың үлгісі ретінде бағалады.